Атырауда аға буынға жайлы әрі белсенді орта құру бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Соның жалғасы ретінде Алмагүл ықшамауданында “Зейнеткерлер мен мүгедектігі бар адамдарға үйде әлеуметтік қызмет көрсету және белсенді ұзақ өмір сүру орталығы” КММ-нің жаңа бөлімшесі ашылды, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Аймақ басшысы Серік Шәпкенов пен Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкин жаңа орталыққа арнайы барып, жұмысымен толық танысты. Алғашқы нысан 2023 жылғы қазанда Балықшы ықшамауданында ашылып, қысқа уақытта егде жастағылардың сүйікті орнына айналып үлгерді. Ол бүгінде 1200-ден астам адамды біріктірсе, жаңа бөлімшеге қазірдің өзінде шамамен 300-дей зейнеткер келіп жүр.
Мұнда заманауи үлгідегі жаттығу залдары, сондай-ақ қолөнер, вокал, би, шахмат, тоғызқұмалақ, йога, жүзу және атпен серуендеу бағытындағы үйірмелер жұмыс істейді. Сонымен қатар психолог пен заңгер кеңесін алуға да болады.
Бұл орталықтың атқаратын әлеуметтік міндетінің маңызы зор. Ол — үйде қызмет көрсету. Бұл көмек түрін 218 адам алады, олардың қатарында жалғызбасты қариялар мен мүмкіндігі шектеулі жандар, сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар балалар бар.
Амандық АБДОЛ
