Алға ауылында жағалауды нығайту жұмыстарының 50%-ы орындалды, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Махамбет ауданына қарасты Алға ауылында ұзындығы 3,2 км болатын жағалау сызығын нығайту жұмыстары жалғасып жатыр. Қазіргі таңда барлық жұмыстың жартысы орындалған. Жобаны қазан айына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізілуде: бірінші және екінші арналар бойынша жер жұмыстары толық аяқталып, 3,2 км аумақ түгел қамтылды. 946 қада қағылып, сондай-ақ әуе электр желісі ауыстырылды.
Қазір мамандар арнайы қоршау орнату жұмыстарын белсенді түрде жүргізуде — 4 100 геошпунт орнатылған. Құрылыс жұмыстары жоспарға сай жалғасуда.
Еске сала кетейік, 2024 жылдың көктемінде нысан су тасқыны салдарынан су астында қалып, жұмыстар уақытша тоқтатылған еді. Қазір жоба қайта жанданып, жедел қарқынмен жүзеге асырылып жатыр.