Атырау облысында жекеменшік мектептерді ағымдағы оқу жылының соңына дейін қаржыландыруды жалғастыру туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Бұл туралы өңірлік білім басқармасы хабарлады. Бұған дейін бұл мәселе Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің отырысында қаралған болатын. Оған жекеменшік білім беру ұйымдары өкілдерінің 2026 жылдың қаңтар-мамыр айлары кезеңді қаржыландырудың тоқтатылуына алаңдаушылық білдірген ұжымдық өтініші себеп болды. Өтінішке сәйкес, өңірдегі жекеменшік мектептер 2025–2026 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру тапсырысына қатысу үшін E-Qazyna цифрлық жүйесі арқылы өтінімдерді уақытылы тапсырған. Алайда олардың айтуынша, облыстық білім басқармасы ешқандай ресми түсіндірмесіз өтінімдерді кері қайтарып алуды ұсынған. Соның салдарынан 2026 жылдың бес айына арналған қаржыландыру өтінімдері отырыс өткен сәтке дейін қаралмай қалған. Мектеп өкілдері қаржылық жоспарлар алдын ала бекітілгенін атап өтті: педагогтармен еңбек шарттары жасалған, жалақы мөлшері белгіленген, ал ата-аналармен оқу жылының толық мерзіміне білім беру қызметтерін көрсету туралы келісімдер жасалған. Бұл оқу ақысының құнын қайта қарауға мүмкіндік бермейді, ал мұғалімдердің жалақысы жан басына шаққандағы бюджеттік қаржыландыруға тікелей байланысты. «Silkway» және «Dostyk» мектептерінің құрылтайшысы Акбар Новаров қалыптасқан жағдайдың ықтимал кері әсерін атап өтті.
«Бұл педагог қызметкерлерге жалақыны кешіктіру немесе төлемеу тәуекелдерін тудырады, ата-аналар алдындағы келісімшарттық міндеттемелердің орындалмауына әкелуі мүмкін, жекеменшік білім беру ұйымдарының тұрақты қызметіне қауіп төндіреді, сондай-ақ жалпы алғанда өңірдегі білім беру жүйесіне, әсіресе мемлекеттік мектептерге түсетін жүктемені арттырады», – деді ол. Бизнестің ұстанымын өңірлік Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары, Қазақстандағы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің Атырау облысы бойынша сектор меңгерушісі Сарсенбай Жолдыбаев қолдады. «Бұл жағдай білім беру саласындағы жекеменшік қызметтер нарығына кері әсер етуі мүмкін, нәтижесінде жекеменшік мектептердің іс жүзінде жабылу қаупі бар. Бұл үш мыңнан астам қызметкердің жұмыссыз қалуына әкеліп, өңірдің әлеуметтік жағдайына қосымша шиеленіс туғызады», – деп атап өтті Сарсенбай Жолдыбаев.
Жекеменшік мектеп өкілдерінің мәліметінше, Атырауда 21 жекеменшік мектеп жұмыс істейді, онда 13 209 оқушы білім алады. Сонымен қатар көрсетілетін білім беру қызметтерінің сапасы мемлекеттік талаптарға және ҚР-ның 2023–2029 жылдарға арналған білім беруді дамыту тұжырымдамасына сәйкес келеді. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Света Аманшиева өзгерістер пилоттық жобаны енгізумен байланысты екенін түсіндірді.
«ҚР Оқу-ағарту министрінің 2025 жылғы 6 қарашадағы №251 бірлескен бұйрығына және облыс әкімдігінің «2025–2026 оқу жылына жекеменшік білім беру ұйымдарында орта білім беруге мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастырудың жаңа тетігі» пилоттық жобасы туралы қаулысына сәйкес, қаржыландыру мәселелері жергілікті бюджет арқылы жергілікті атқарушы органдарға берілді. Мен бұл мәселені басшылыққа жеткіземін, бизнестің пікірін ескеруге тырысамыз және жақын күндері жауап береміз», – деді мемлекеттік орган өкілі.
Отырыс қорытындысы бойынша Кеңес облыс басшылығына ұсынымдық хат жолдады. Қазіргі уақытта білім басқармасының мәліметінше, кәсіпкерлердің пікірі ескеріліп, жекеменшік мектептерді оқу жылының соңына дейін қаржыландыру мәселесі оң шешімін тапты.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ