Атырау облысында IT мамандары, дәрігерлер және жаратылыстану пәні мұғалімдеріне сұраныс жоғары, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Атырау облысында білікті мамандарға деген сұраныс әлі де жоғары. Еңбек нарығында әсіресе IT саласының мамандары, бағдарламашы-инженерлер, жобалаушылар, сондай-ақ рентгенолог, терапевт, педиатр, анестезиолог-реаниматолог, кардиолог, гинеколог және психолог дәрігерлері тапшы.
Сонымен қатар жұмыс берушілер физика, химия және биология пәндерінің мұғалімдерін белсенді түрде іздестіруде.
Жыл басынан бері Мансап орталығының көмегімен 9 007 адам тұрақты және уақытша жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде 3 700 адам субсидияланатын жұмыс орындарына жолданды. Сондай-ақ 840 жас маман жастар тәжірибесінен өтіп, алғашқы кәсіби тәжірибесін жинақтады.
Осы уақытқа дейін облыста 425 жұмыс берушінің қатысуымен 20 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Оған шамамен 2,6 мың жұмыс іздеуші қатысып, нәтижесінде 715 адам тұрақты жұмысқа орналасты.
Атырау облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, жыл соңына дейін өңірде тағы 46 бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізу жоспарланып отыр.
