Құрманғазы ауданында өткен жылдың желтоқсан айында былтыр мүйізді ірі қарадан ринотрохеит ауруы анықталған болатын. Осы орайда, биылғы эпизотиялық жағдай қалай екенін білу үшін облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мамандарымен байланысқан едік, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
«Бұл бағытта былтыр 23 желтоқсан күні зерттеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде, ринотрохеит ауруы анықталған болатын. Содан бері қарай, атап айтқанда, биылғы қаңтар, ақпан, наурыз, сәуір айларына дейін ауру жалғасып, барлығы 7867 ірі қара малы ауырып, тек алты өлім жағдайы тіркелді. Қалған мал толығымен емделіп шықты. Қазір эпизотиялық жағдай тұрақты, ауырып тұрған мал тіркелмеді» дейді аталған басқарманың баспасөз хатшысы Ақтілек Нұроллаева бізбен әңгімесінде.
Жалпы, мамандардың сөзінше, ірі қара малының инфекциялық ринотрахеиті (ағыл. Ihfectious bovihe rhihotrakheites) – дене қызуының көтерілуімен, жоғары тыныс алу жолдарының шырышты қабықтарының қабынуымен және жыныс мүшелерінің зақымдануымен ерекшеленетін, жіті өтетін жұқпалы ауру. Инфекция қоздырушысы герпесвирустар (ағыл. Bovid (alpha) herpesvirus) туыстығы мен тұқымдастығына жатады. Бұл – жануарлар арасында жиі кездесетін инфекциялық ауру. Сиырдың барлық тұқымдары бейім, бірақ етті тұқымдарда ауру күштірек өтеді. Ересектеріне қарағанда жас малдың бұл ауруға сезімталдығы жоғары. Әсіресе жатырдағы төл ерекше сезімтал, вирустың әсерінен тез өледі де буаз мал іш тастайды. Сауыққан жануар 6-19 ай вирус бөліп шығарады. Вирус денеден танаудан аққан сорамен, көздің жасымен, сүтпен, несеппен, нәжіспен, шәуетпен шығады. Әдеттегі жағдайда вирус малға аэрогендік жолмен, ал шағылысу кезінде тікелей жанасу арқылы жұғады.
Аурудың жасырын кезеңі – 2-4 күн. Клиникалық байқалуы қоздырушы вирустың денеге ену жолына, жануардың физиологиялық жай-күйіне және жасына байланысты. Әдетте ауру жіті өтеді, бірден ыстығы көтеріліп 40-420 С жетеді, бейжай күйге түсіп, жемшөптен бас тартып, тез арықтап, сауын сиырдың сүті қайтады. Инфекциялық ринотрахеит – бұл емделетін ауру. Дер кезіндегі диагностика мен емдеу аурудың асқынуының алдын алады. Ауру және ауру бойынша күдікті жануарлардан алынған сүтті 70 о С температурада 30 минут пастерлеуден кейін адамдарға тамаққа қолдануға болады. Етін ауру жазылған соң екі аптадан кейін сойып жеуге болады. Адамдарға қауіп жоқ.

Жалпы мал өсіруші тұрғындар жануарлар мен адамға ортақ жұқпалы аурулардың алдын алу және ауруды жұқтыруды болдырмау үшін келесі ережелерді қатаң сақтауы қажет:
- меншігіндегі ауру белгілері бар жануарды уақытында анықтау, оқшаулау және жергілікті жердегі ветеринарлық қызмет өкілдеріне дереу хабарлау;
- жануарға күтім жасағанда арнайы киімді (халат, кленкалы алжапқыш, резіңке етік және қолғапты) қолдану;
- жануарларға күтім жасағаннан кейін жеке тазалық ережесін сақтау, сабынды ыстық сумен үнемі қолды жуу;
- қора-жайларға дезинфекция жүргізу;
- жаңа сауылған сүтті тұтынбау, тек қайнатылған сүтті тұтыну;
- етті мұқият қайнату қажет;
- тиісті құжаттары бар ет және сүт өнімдерін тұтыну.
Бұл қарапайым ережелерді қатаң сақтаған жағдайда және ветеринарлық мамандар тарапынан тиісті ветеринариялық іс-шаралар уақытылы атқарылған жағдайда ғана аурудан сақтануға болады.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

